Жол ережесін бұзды: Павлодарда мас жүргізуші ұсталды

Жол ережесін бұзды: Павлодарда мас жүргізуші ұсталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол жол апатын ұйымдастырып, тәртіп сақшыларынан қашуға тырысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Патрульдік полиция батальонының инспекторлары патрульдеу барысында «Hyundai Sonata» көлігіне назар аударды. Алайда жүргізуші полицияның заңды талаптарына бағынудың орнына, жылдамдықты үдетіп, қашуға тырысты. Амангелді мен Семенченко көшелерінің қиылысында ол екі автокөлікке соғылып, қозғалысын жалғастырды. Ақырында Семенченко көшесінде тоқтаған жүргізуші көліктен түсіп, жаяу қашпақ болды, бірақ полиция қызметкерлері оны қолға түсірді.

– Жүргізуші жол қозғалысы ережелерін бұзып, көлік құралдарына зақым келтіргені, сондай-ақ полиция қызметкерінің заңды талаптарын орындамағаны және мас күйінде медициналық куәландырудан бас тартқаны үшін жауапқа тартылды. Бұл іс материалдары сотқа жолданып, көлік құралы мамандандырылған тұраққа қойылды, – деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар зардап шеккен көліктердің жүргізушілеріне келтірілген шығынды өтеу үшін азаматтық тәртіпте сотқа жүгіну ұсынылды. Тәртіп сақшылары барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға шақырады.