Екібастұзда көлік тізгінінде бейнежазба жасаған жүргізуші жазаланды
Бейнежазба Telegram-арналардың бірінде жарияланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері Telegram-арналардың бірінде жарияланған бейнежазбаны анықтады. Бейнежазбада жеңіл автокөлік жүргізушісінің қозғалыс кезінде ұялы телефонды пайдаланып, бейнетүсірілім жасағаны көрінеді.
– Жүргізушінің жеке басы анықталды. Оған қатысты көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонды немесе радиостанцияны пайдаланғаны үшін әкімшілік материал рәсімделді, – деді Екібастұз қаласы полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Ермат Айтмағамбетов.
Тәртіп сақшылары рөлде отырып ұялы телефонды пайдалану жүргізушінің назарын жол қозғалысынан басқа жаққа аударып, жол жағдайына дер кезінде әрекет ету қабілетін төмендететінін ескертеді.
Айта кетелік, жыл басынан бері көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон пайдаланғаны үшін 1 974 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.