Екібастұзда мектептің еңбек жасақтарының жұмысы тексерілді

Екібастұзда мектептің еңбек жасақтарының жұмысы тексерілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мониторинг барысында оқушылардың еңбек жағдайы мен қауіпсіздігі бағаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұз қалалық мәслихатының әлеуметтік сала мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелері №23 және №26 жалпы білім беретін мектептердегі жазғы еңбек жасақтарының жұмысына көшпелі мониторинг жүргізді.

Тексеруге комиссия төрағасы Татьяна Шмидт, қалалық мәслихат депутаты Қанат Тұрлыбеков және «Әділет» партиясының өкілі Мадина Маликова қатысты.

Биыл жазғы еңбек жасақтарына көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушылар тартылған. Олар аумақтарды абаттандыру жұмыстарымен қатар экологиялық квесттер мен танымдық іс-шараларға қатысуда.

Мониторинг барысында жұмыс тобы жасақ мүшелерінің арнайы киіммен және қажетті құралдармен қамтамасыз етілгенін, күн сайын қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтан өтетінін анықтады. Оқушылар сағат 8:00-ден 12:00-ге дейін еңбек етеді, ал 10 күндік ауысым үшін 42 500 теңге көлемінде кепілді төлем қарастырылған.

Кездесу барысында жоғары сынып оқушылары еңбек жасақтарының жұмысы жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, болашақта да экологиялық акцияларға қатысуға дайын екендерін жеткізді.

Мониторинг қорытындысы бойынша жұмыс тобы бірқатар ұсыным берді. Жастарды жазғы кезеңде жұмыспен қамту мәселесі қалалық мәслихаттың тұрақты бақылауында болады.