Павлодарлықтарға мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуды үйретті

Павлодарлықтарға мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуды үйретті
Фотосуретті ұйымдастырушылар ұсынды

«Қызметті өзің ал» акциясы «Batyr Mall» сауда-ойын-сауық орталығында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шараны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңірлік департаменті ұйымдастырды.

ХҚКО мамандары ең жиі сұралатын қызметтер  анықтамалар алу, өтініш беру және мемлекеттік баждарды төлеу бойынша қадамдық нұсқаулар көрсетті. Сондай-ақ деректер қауіпсіздігі және электронды цифрлық қолтаңбаны қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды. 

– «Қызметті өзің ал» акциясы мемлекеттік қызметтердің халыққа қолжетімділігін арттыру жөніндегі ауқымды бағдарламаның бір бөлігі. Қазіргі таңда электронды түрде көрсетілетін қызметтердің саны жыл сайын артуда. Алайда, тұрғындардың өздігінен электронды түрде алуға болатын мемлекеттік қызметтерді Мемлекеттік корпорацияға жүгіну арқылы алатын жағдайлар әлі күнге дейін жиі кездеседі. Біздің мақсатымыз халыққа мемлекеттік қызметтердің барынша қолжетімді екенін көрсету. Қазір көптеген мәселелерді үйден шықпай-ақ бірнеше минут ішінде шешуге болады, – деді филиалдың PR-менеджері Абзал Қабдраш.

Қала тұрғындары шараға қызығушылық танытып, сұрақтар қойып, планшеттер мен смартфондар арқылы қызметтерді бірден қолданып көрді.