Екібастұзда оқушы далада тауып алған iPhone телефонын иесіне қайтарып берді
Полиция қызметкерлері төртінші сынып оқушысына алғыс айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Солнечный кентінің №16 ЖОББМ оқушысы Ксения Погребная мектептен үйіне келе жатқанда сауда үйінің жанында жерде жатқан iPhone маркалы ұялы телефонын байқаған.
– Мен телефонды көтеріп, бірден полицияға бардым, – дейді Ксения. – Олардың көмегімен телефонның иесін тауып, қайтардым.
Тәртіп сақшылары телефон ауыл тұрғынына тиесілі екенін анықтады. Оны кәмелетке толмаған ұлы үйіне келгеннен кейін ғана жоғалтып алғанын байқаған.
Екібастұз қаласы ГРЭС-2 ПБ полиция бөлімшесінің бастығы Рустам Омаров Ксения Погребная мен оның анасын мектепке шақырды.
– Адалдықты сіңіріп, жақсы тәрбиелегені үшін анаңа ерекше алғыс айтамын. Бұл көптеген балалар үшін жақсы үлгі болады, – деді Рустам Омаров.
Полиция қызметкері салтанатты жағдайда мектеп оқушысының әрекеті туралы айтып, белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдірді.