Павлодарлық полиция қызметкері әріптесінің ерлігін еске алды

Павлодарлық полиция қызметкері әріптесінің ерлігін еске алды
Фото: автор

Ол үш-төрт қызметкерге қарап бүкіл полиция жұмысына күйе жаудың қателігін айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық қоғамдық кеңес отырысында сөз сөйлеген Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Сафуан Жампейісов жамбылдық Ғазиз Байтасовтың ерлігін еске алды.

- Бүгін гранатаға жатып, басқалардың өмірі үшін өз өмірін құрбан еткен батырымыз Ғазиз Байтасовтың қаза тапқанына 14 жыл толды, - деп еске алады Сафуан Жампейісов. – Мұндай батырлар біздің қызметкерлеріміздің арасында әрқашан болған және бола береді. Қылмыстық кодекс бойынша қылмыстардың 90 пайызын ішкі істер органдарының тергеушілері мен анықтаушылары тергейді. Бұл – өте үлкен жұмыс. Күн сайын жас жігіттер азаматтарымыздың тыныштығын қамтамасыз ету үшін тәулік бойы ауысымға шығады». Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді, - деген мақалда айтылғандай, бүкіл полиция жұмысына үш-төрт адамға қарап баға беруге болмайды.

Жыл сайын облыстық департамент төрт-бес мың қылмыстық іс тіркейді және шамамен екі мың адамды қылмыстық жауапкершілікке тартады. 2025 жылы тергеу және анықтау бөлімдерінің қарауында 9 604 іс болды.

2011 жылдың 12 қарашасында Жамбыл облыстық Ішкі істер департаментінің жол полициясы бөлімінің жеке батальонының 1-ші взвод командирі капитан Ғазиз Байтасов террористі қуып келе жатты. Осы кезде қылмыскер капитанның кеудесіне оқ атқан, бірақ лаңкесте граната бар екенін білген офицер оны өкшелеуді жалғастырған. Ауыр жарақат алғанына қарамастан, полиция капитаны содырға қарай жүгіріп барып, оны жерге құлатып, қолын денесіне орап алды. Сол сәтте жарылыс орын алды...