Екібастұзда тым көп балық аулаған тұрғынға айыппұл салынды
Әуесқой балықшыларға 5 келіге дейін балық тасымалдауға рұқсат етілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, патрульдік полиция ротасының қызметкерлері сағат 11.45-те Стелла - Екібастұз автожолында ВАЗ 21214 маркалы автокөлігін тоқтатқан. Көлік салонында жалпы салмағы 30 келіден асатын 5 қап балық болған. 37 жастағы жүргізушінің балық аулауға рұқсат құжаттары болмаған.
– Тексеру барысында ер адамның бұрын балық аулау ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Ер адамға қатысты балық аулау ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды, – деді Екібастұз қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің бастығы Рустам Омаров.
Айта кетейік, жыл басынан бері балық аулау ережелерін бұзғаны үшін облыста 13 әуесқой балықшы жазаланған.
Фото: Павлодар облыстық ПД