Екібастұзда тозығы жеткен жылу желілері заманауи құбырларға ауыстырылуда

Екібастұзда тозығы жеткен жылу желілері заманауи құбырларға ауыстырылуда
Фото: Константин Шелков

Павлодар облысының әкімі жұмыс сапары барысында №11 жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазіргі таңда жоба жоспарға сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Құбырларды монтаждау жұмыстары тамыз айының ортасына дейін аяқталады деп жоспарлануда. 

«Екібастұз жылу желілері» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Егор Красновтың айтуынша, қазіргі таңда негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын.

– Ескі темірбетон науа сақталып, кабельдерді қорғау үшін пайдаланылады. Қазіргі таңда төрт камерадағы жұмыстар мен павильондағы екі қосылу нүктесін аяқтау ғана қалды. 15 тамызға дейін құбырларды монтаждау жұмыстарын толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бүкіл магистраль бойынша құбырлар дәнекерленіп қойғандықтан, қалған жұмыстар көп уақыт алмайды, – деді Егор Краснов.

Оның айтуынша, монтаж аяқталған соң аумақты абаттандыру жұмыстары басталады. Учаскенің ұзындығы мен күзет аймағында орналасуына байланысты бұл жұмыстар қыркүйек айына дейін жалғасуы мүмкін.

Жылу желілерін жаңғыртудың басты мақсаты – тозығы жеткен құбырларды ауыстырып қана қоймай, олардың өткізу қабілетін арттыру. Бұрын пайдаланылған диаметрі 530 миллиметрлік құбырлардың орнына енді диаметрі 630 миллиметр болатын жаңа құбырлар төселуде. Бұл қаланың жылу жүйесінің қуатын арттырып, алдағы уақытта жаңадан бой көтеретін тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылу желілеріне қосуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта реконструкция жұмыстары №11 жылу магистралінде жүргізілуде. Бұған дейін осындай жұмыстар №10 жылу магистралінде атқарылған болатын. Мамандар №11 магистральдегі құбырларды монтаждауды 15 тамызға дейін, ал №10 магистральдегі жұмыстарды 20 тамызға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Одан кейін жылыту маусымына дайындық аясында жылу желілері шаюдан өткізіліп, қысыммен тексеріліп, гидравликалық сынақтар жүргізіледі.

Еске сала кетейік, Екібастұзда 60 жыл тоқтаусыз жұмыс істеген сорғы станциясы жаңғыртылады. Жаңғырту аяқталғаннан кейін Екібастұз жылу электр орталығына, «Богатырь» разрезіне және 2022 жылдың соңында пайдалануға берілген жаңа техникалық су құбыры арқылы техникалық су жеткізудің сенімділігі артады. Сонымен қатар, Майқайың кентінің тұрғындары тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етіледі.