Кемеңгер және Жетекшідегі құрылыс жұмыстары партиялық бақылауға алынды
Бұл туралы «AMANAT» партиясының облыстық бақылау комиссиясы мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«AMANAT» партиясының облыстық бақылау комиссиясының төрағасы Олег Костенко, қалалық мәслихат депутаты Виктор Пряхин және партияның қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сүлеймен Сыздыков Кемеңгер және Жетекші ауылдарына арнайы жұмыс сапарымен барды.

Кемеңгер ауылындағы басты назар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына аударылды. Нысан биыл пайдалануға берілуі керек еді, алайда мердігер ұйымдардың жауапкершілікті дұрыс орындамауына байланысты құрылыс мерзімі кейінге шегерілді.
– Қазір жаңа мердігер анықталып, нақты міндеттемелер белгіленді. Құрылысты 2025 жылдың желтоқсан айына дейін аяқтау жоспарланған. Партиялық бақылау барысында құрылыс-монтаж жұмыстарының кестеден қалып қоймауын қадағалау және барлық сыртқы жұмыстарды жаңбыр мен суыққа дейін аяқтау туралы ұсыныс берілді, – деді «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Жетекші ауылында комиссия Мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр, нысанды осы жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған.
Екі нысан да «AMANAT» партиясының Жол картасына енгізілген.

Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Олег Костенко мұндай жұмыс сапарларының маңызын атап өтті.
– Мұндай жұмыс сапарлары әлеуметтік маңызы бар нысандардың іске асырылуын ерекше бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Біз барлық мердігерлердің міндеттемелерін уақытында орындауын қамтамасыз етеміз. Мәдениет және спорт нысандары халықтың игілігіне уақытында тапсырылуы тиіс, – деді ол.
Комиссия мүшелері әлеуметтік нысандардың уақтылы тапсырылуы басты міндет екенін және жобаларды орындау бойынша партиялық бақылау жалғасатынын жеткізді.
Фотосуреттерді «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының баспасөз қызметі ұсынды