Екібастұзда велосипед тепкен жас баланы көлік қақты

Ол жабық бас миының жарақатымен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 мамырда Бұқар жырау және 15-ші Оңтүстік өткел көшелерінің қиылысында Mercedes-Benz 140 маркалы көлігінің жүргізушісі реттелмейтін қиылыста жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, кәмелетке толмаған велосипедшімен соқтығысты. Оқиға кешкі сағат 20:26-да орын алды. Жедел жәрдем бригадасы жол апаты болған мекенжайға шұғылдықтың бірінші санаты бойынша шықты.
– 2016 жылы туған ер бала зардап шекті. Ол жабық бас миының жарақаты, бел аймағының жұмсақ тіндерінің көгеруімен Екібастұз қаласының ауруханасына жеткізілді, – деді облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметінде.
Mercedes-Benz 140 маркалы көлік айып тұрағына қойылды. Полиция жол-көлік оқиғасына қатысты тексеріс ашты.