Павлодар облысында жаңа жыл қарсаңында 100-ден астам құқық бұзушылық тіркелді
Жалпы шақырулар саны жарты мыңнан астам, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Скляр Павлодарда кешкі кезекшілік ауысымға шыққан полицейлер мен әскери қызметшілерге дәстүрлі түрде жеке нұсқау берді.
31 желтоқсан таңғы сағат 08:00-ден 1 қаңтардың сағат 08:00-не дейін "102" жедел арнасына 545 түрлі қоңырау түсті. 3 қылмыс тіркелді, барлығы ашылды. 100 — ден астам түрлі құқық бұзушылықтар анықталды. Оның көбі- спирттік ішімдіктер ішу, жол қозғалысы ережелерін бұзу.
— Жалпы, 31 желтоқсан мен жаңа жылдық түн қалада және облыста тыныш өтті, резонанстық қылмыстар мен оқиғалар тіркелген жоқ,— дейді департаментте.
Павлодарлық полицейлер қызмет өткерудің күшейтілген нұсқасында жұмысын жалғастыруда. Полиция кез келген заңсыз әрекеттің куәгері болған азаматтарды бірден 102 нөміріне жүгінуге немесе Рolice 102 мобильді қосымшасын пайдалануға шақырады.