Екібастұзда жол жөндеу науқаны қалай жүргізілуде?

Жол жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімнен ертерек аяқтау жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы Асайын Байханов жұмыс сапары барысында Екібастұздағы жол жөндеу жұмыстары барысымен танысты.
Қала әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, асфальт төсеу жұмыстары 30 наурызда басталып, 15 маусымға дейін аяқтау жоспарланған. Бұл мақсатта 900 млн теңгеге конкурс жарияланып, оның нәтижесі бойынша екі тәжірибелі мердігер ұйым жеңімпаз атанды.
– Биылғы жоспарға сәйкес ағымдағы жөндеу жұмыстары шамамен 160 мың шаршы метрді қамтиды. Келісімшарт сомасы 500 миллион теңгеден асады. Үнемделген қаражатты қажеттіліктерге қарай қосымша жұмыстарға бағыттаймыз. Мердігер ұйымдар қалада бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өткен жылы олар шамамен 200 мың шаршы метр жолды жөндеуден өткізді, – дейді қала әкімі.
Қазіргі таңда мамандар үнемделген қаражатты тиімді пайдалану үшін есептеулер жүргізіп үлгерген.
– Шамамен 25 ауланы жөндеуді жоспарлап отырмыз, олардың саны нақты құрылымына байланысты өзгеруі мүмкін. Бұл жұмыстарды «Нурал» ЖШС орындайды, келісімшарт сомасы – 410 млн теңге. Биылғы жылы әлеуметтік нысандардың кіреберіс жолдарын ретке келтіреміз. Осы мақсатқа 133 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, тозығы жеткен әлеуметтік мекемелердің аумақтарын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл үшін қажетті бюджет көлемі бар, – деді Аян Бейсекин.
Өткен жылы әкімдік әлеуметтік нысандардың аумақтарын қалалық коммуналдық қорға өткізген.
– Өткен жылы 25 ғимараттың аумағы жөнделді – олардың ішінде 24 білім беру нысаны және бір перзентхана бар. Биыл тағы 12 мектеп пен 12 балабақшаның аумағы жаңа кейіпке енеді. Осылайша, бұл мәселе толығымен шешіледі, – деп нақтылады шаһар басшысы.
Соған қарамастан, қала жолдарындағы мәселелер әлі де өзекті.
– Солтүстік шағын ауданында ұзақ жылдар бойы кәріз жүйесі болған жоқ. Жер қазу жұмыстары жүргізілген соң жол жабындысын қалпына келтіру үшін қалалық бюджеттен қаражат бөлінді. Биыл біз қиыршық тас төсеу жұмыстарын жүргіземіз, ал келесі жылы асфальт төсеуді жоспарлап отырмыз. Барлық жобалар реттелген, құрылыс-монтаж жұмыстарының кестелері бекітілген, – дейді Аян Бейсекин.
Ендігі кезекте Оңтүстік шағын ауданы мен Воргород ықшам ауданында жолдарды қалыпқа келтіру жұмыстары тұр. Сонымен қатар, Нахаловка ықша мауданының бір бөлігінде әлі де кәріз жүйесі жоқ. Бұл аймақта шамамен үш мың адам тұрады.