Павлодарда мүгедектігі бар адамдар үшін инфрақұрылымды тиісті тәртіпке келтіру қажет

Павлодарда мүгедектігі бар адамдар үшін  инфрақұрылымды тиісті тәртіпке келтіру қажет
Фото: ӨКҚ

Павлодар облысында 22 мың мүгедек адам тұрады, олардың жартысы – облыс орталығының тұрғындары, деп хабарлайды  Рavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті облыстық департаментінің басшысы Евгений Губарев мәлім  етті. 

–  Павлодар облысы мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта құру бойынша өңірлер арасында ортаңғы позицияда. Бұрын департаменттің назарына тек мемлекеттік мекемелер ілінетін. Жоспардан тыс тексерулердің қорытындысы бойынша 2023 жылдың 4 айында Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының Екібастұз медициналық колледжі мен Академик Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтының колледжі 293,2 мың теңге сомасына әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған сома толығымен өндірілді, – деді  Евгений Губарев.

Бизнес объектілерін жоспардан тыс тексеруге мораторийдің күшін жою Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің қызметкерлеріне мүгедектігі бар адамдардың шағымдарына жауап беруге мүмкіндік береді. Алайда, кедергісіз орта құру тек пандустардың құрылысымен шектелмейді, нашар көретін және нашар еститін азаматтар үшін мекемелер мен бизнес объектілерінің жабдықталуы  да көңіл көншітпейді. 

– Нашар көретін адам барған жерін біле алатындай Брайль шрифтімен сәйкес келетін көрсеткіштер жоқ. Нысандардың ішінде бағыттаушы жолдар жоқ. Сондықтан нашар көретін адам жол таба алмайтындықтан  оған еріп жүруші қажет. Есту қабілеті нашар адамдар үшін жағдай мүлдем қиын. Бұл мәселені  шешу жолдарын қарастыру керек, – деп атап өтті спикер.

Оның айтуынша, елімізде мүмкіндігі шектеулі адам құқықтары бұзылған жағдайда мүгедектердің құқықтарын қорғау жөніндегі Халықаралық ұйымдардан көмек сұрай алады және олар жақын арада  мұндай мүмкіндіктерді пайдалануы мүмкін. Сондықтан инфрақұрылымды тиісті тәртіпке келтіру қажет.