Екібастұздан Павлодарға науқас жасөспірім тікұшақпен жеткізілді
Әуе көлігі шұғыл медициналық көмекті уақытылы көрсетуге мүмкіндік берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, «Қазавиақұтқару» тікұшағының экипажы санитариялық авиация желісі бойынша Екібастұз қаласына ұшып барып, мамандандырылған медициналық көмекке мұқтаж 2014 жылы туған кәмелетке толмаған науқасты Павлодар қаласына жеткізді.
Ұшу барысында жасөспірімнің жағдайын тәжірибелі медицина қызметкерлері тұрақты бақылап отырды.
Ведомствода атап өткендей, кейбір жағдайларда жедел әуе тасымалы науқасты мамандандырылған медициналық мекемеге дер кезінде жеткізіп, қажетті көмекті уақытылы көрсетуге мүмкіндік береді.