Екібастұздықтар Жәнібек сал Мәліковті еске алды
Биыл ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші тірі болса 65 жасқа толар еді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кеше Кеншілер шаһарындағы «Атамұра» мәдениет орталығының ұйымдастыруымен ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Жәнібек сал Мәліковтің 65 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ әнінің қоңыр үні» атты әдеби – сазды еске алу кеші өтті.

- Жәнібек Мәліков – мәңгілік өнердің алтын арқауын үзіп алмай, дәстүрлі әннің қасиетін жүрегімен ұғып, үнімен ұлықтаған өнерлі жандардың бірі еді, - деп еске алады ұйымдастырушылар.
Шараға әншінің ұлдары Жеңіс пен Шапағат, немерелері Мұстафа мен Мұзафар, аяулы жары Айсұлу қатысып, жылы естеліктерімен бөлісті.
Досқа бай, пейілі кең, айналасымен сыйластық пен құрметті ұран еткен Жәнібек Мәліковтің өмір жолынан Баянауылдың Құрметті азаматы, ақын Жұмкен Сейітов және ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жассерік Жәлелұлы да сыр шертті.
Кеш барысында «Атамұра» МО директоры Нұрсұлу Еркебайқызы сөз сөйлеп, Жәнібек салдың жарына қазақы салт бойынша иығына шапан жауып, әншінің өзі кеткенімен, ортамызда қоңыр үні мәңгі қалатынын жеткізді.

Айта кетелік, дауысы дара, болмысы бөлек Арқа әндерінің насихатшысы Жәнібек Мәліков төлтума өнердегі қайталанбас дарын иесі еді. Ел «Жәнібек сал» атағын берген өнер иесі, танымал мәдениет қайраткері Қайрат Байбосыновтың батасын алып, жанұялық ансамбль құрған. Өнер иесі Павлодар, Екібастұз, Семей, Қарағанды қалаларында, ел ордасы Астанада бірнеше рет концерт берді. Жәнібек сал атанған дара өнерпаздың ғұмыры 2023 жылы үзілді. Өзі кетсе де артына өшпес мұра қалдырған дәстүрлі әншінің өнері елі барда өшпек емес.
Посмотреть эту публикацию в Instagram