Павлодар облысында экологиялық чат-ботты пайдаланушылар белсенділігі артты

Павлодар облысында экологиялық чат-ботты пайдаланушылар белсенділігі артты
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Өтінімдер саны бойынша облыс орталығы көш бастап тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірде тұрғындарға арналған ыңғайлы сервис – TazaQazBot чат-боты жұмыс істейді. Оның көмегімен ауладағы, көшедегі немесе қаладағы мәселелер туралы жедел хабарлауға болады.

Бүгінгі таңда чат-бот арқылы 520-дан астам өтінім келіп түскен, олардың барлығы орындалған. Әсіресе тұрғындардың белсенділігі өткен жылы айтарлықтай артқан. Көбіне тұрғындар қоқыс шығару, толып кеткен контейнерлер, аула мен көшелерді тазалау, жолдағы шұңқырлар, жарықтандыру және подъездердің жағдайы бойынша шағымданады.

Өтінімдердің басым бөлігі Павлодар қаласынан түскен – 380-нен астам. Екібастұз қаласынан шамамен жүз өтінім, Ақсу қаласынан 30-ға жуық, ал аудандардан он шақты өтінім тіркелген. Чат-ботты негізінен 25 пен 55 жас аралығындағы тұрғындар пайдаланады.

Мамандардың айтуынша, жүйе қарапайым жұмыс істейді: тұрғын өтінім қалдырады, кейін оны коммуналдық қызметтер немесе әкімдік қабылдайды. Мәселенің түріне қарай орындау мерзімі белгіленеді – әдетте бір күннен бес күнге дейін. Жұмыс аяқталған соң орындаушы фотоесеп жібереді, ал өтінім беруші оның сапасын бағалай алады.

Егер мәселе толық шешілмесе, тұрғын төмен баға қойып немесе қайта өтінім жолдай алады. Бұл қызмет сапасын бақылауға мүмкіндік береді.

– Тұрғындар тек өтінім қалдырып қана қоймай, оның қалай орындалып жатқанын да көре алады. Бұл мәселелерді жедел шешуге және процесті бақылауда ұстауға көмектеседі. Осы арқылы біз өңірдің экологиясын бірге жақсартып жатырмыз, – деді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының нақты сектор экономикасы бөлімінің басшысы Әлішер Теміртас.

Мамандардың пікірінше, мұндай сервис коммуналдық қызметтердің жұмысын ашық әрі тұрғындарға ыңғайлы етеді. Чат-ботты кеңінен таныстыру мақсатында әлеуметтік желілерде оның жұмысы туралы 250-ден астам жарияланым шыққан.