Екібастұзда сапаржайында ХҚКО орналастыру қарастырылуда

Екібастұзда сапаржайында ХҚКО орналастыру қарастырылуда

Ғимарат толығымен жаңартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұзға барған жұмыс сапары барысында күрделі жөндеуден өткен сапаржайды аралап шықты. 

«Павлодарвокзалсервис» ЖШС директоры Дастан Махметовтың сөзінше, биыл маусым айында Екібастұз қаласының теміржол вокзалын күрделі жөнделуі басталып, бүгінгі таңда жұмыстардың 99 пайызы аяқталуға жақын. Екібастұз сапаржайы 1988 жылы салынған. Бүгінде аталмыш ғимарат 2,4 мың гектар жерді алып жатыр. Сол кезден бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. «KAZ Minerals» мыс өндіруші компаниясы 960 миллион теңгелік жобаға демеушілік етеді.

 – 10 қаңтарда техникалық төлқұжат алып, пайдалануға береміз деген ойдамын. Содан кейін сапаржай толық қуатта жұмыс істейді, – деді Дастан Махметов. – Ағымдағы жөндеу жұмыстарының арқасында сапаржайдың  заманауи эстетикалық келбетін жасай алдық. ХҚКО-ны орналастыру үшін келіссөздер жүргізілуде. Жаңа жалға алушыларды тартқымыз келеді. Әлі де бос орындар бар. 

Облыс әкімі Асайын Байханов күрделі жөндеуден өткен сапаржайға көңілі толды. 

– Жаңартылған сапаржай адамдардың игілігіне жарасын. Өткен жылы Павлодарда, ал биыл Екібастұзда жаңартылды. Бұрын бұл жерде суық болды, ал қазір жылы. Бұл жұмыстардың барлығы жайлылық үшін жасалады, – деп атап өтті аймақ басшысы. 

Айта кетейік, екі жылу торабының арқасында сапаржайда жылу жүйесі қалпына келтірілді. Атап айтқанда, нысанның екі бөлігі тәуелсіз, өздігінен жылытылады. Сондай-ақ, балалар ойын алаңы, демалыс бөлмесі, намазхана, ана мен бала бөлмесі, хостел, фаст-фуд сатылатын орын және келіссөздер жүргізуге арналған жер бар.