Екібастұз моноқалалар тізімінен шығарылды

Екібастұз моноқалалар тізімінен шығарылды
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Енді бұл – әртараптандырылған экономикасы бар, табысты дамып келе жатқан кәсіпкерлігі және қомақты инвестициялар ағынына ие индустриялық орталық,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Ұлттық экономика министрлігі елдегі моноқалалар тізімін жаңартты. Бұл тізімде енді Екібастұз жоқ. Өндіріс динамикасы мен инвестициялық белсенділіктен бастап, кәсіпкерліктің дамуы мен жұмыспен қамту құрылымына дейінгі 78 көрсеткішті кешенді талдау негізінде қала ресми түрде тізімнен шығарылды. 

Екібастұз енді тек көмір өндірісіне тәуелді және ондағы кез келген өзгеріс халықтың тұрмысына тікелей ықпал ететін кеншілер мен энергетиктер қаласы емес. Қазір бұл ауқымды инвестициялармен қамтамасыз етілген өсу нүктелері бар көпсалалы индустриялық орталыққа айналды. 

Шын мәнінде бұл тарихи оқиға қаланы дамытудың нақты кешенді жоспарына сәйкес Екібастұз экономикасын әртараптандыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі болды. Соңғы үш жылда мұнда өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету салалары қарқынды дамып қана қоймай, сенімді түрде орныға алды.

Экономикалық өзгерістер нақты көрсеткіштермен дәлелденді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Екібастұздағы өнеркәсіп өндірісі 1,6 трлн теңгеге жетті. Бұл – өңірдегі барлық қалалар арасындағы ең жоғары нәтиже, ал Павлодар облысының өнеркәсібіндегі Екібастұздың үлесі 40,1% құрады. Жоспарланған 737 млрд теңге инвестиция көлемі іс жүзінде 1,5 трлн теңгеге жетіп, күтілгеннен екі есе асып түсті. 

Екібастұз экономикасының жаңа бағыттарының бірі - толыққанды металлургиялық кластер. Қазірдің өзінде мұнда екі ферроқорытпа зауыты іске қосылды: «EkibastuzFerroAlloys» (92 млрд теңге) және «Kazferro Limited» (30 млрд теңгеден астам инвестиция), 138,4 млрд теңгеге үшінші кәсіпорын салынып жатыр. Жалпы үш кәсіпорынның қуаттылығы жылына 460 мың тоннаға дейін өнім өндіруге мүмкіндік береді және Қазақстанның ферросилиций өндірісі бойынша әлемдік нарықта жетекші орынға шығуына жол ашады. 

Катодты мыс өндіру (жылына 5 мың тонна) және бандаждар мен соғылған бұйымдар (161 мың дана) шығару жобалары іске қосылуға дайын. Бұл жобалар металлургиялық шикізатты өңдеу тереңдігін арттырып, өңірдің экспорттық әлеуетін едәуір нығайтады. 

«Railways Systems KZ» холдингінің өнеркәсіптік флагманы өте ауқымды жоба ұсынуда - қуаты жылына 1 млн тоннаға дейін болатын, құны 500 млрд теңгеге жуық болашақ электрометаллургиялық зауыт. Өнімнің 40% жуығын ТМД және ЕО елдеріне экспорттау жоспарлануда, 2028 жылы іске қосылады деп белгіленді. 

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Екібастұзда IT-секторды және цифрлық инфрақұрылымды дамыту үшін жоғары технологиялық «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын іске асыру басталды. 

Сонымен қатар, Екібастұз бұрынғыдай еліміздің негізгі энергетикалық орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін сақтап отыр: МАЭС-2 станциясының қуатын арттыру жобасы және жаңа МАЭС-3 станциясының құрылысы жоспарлануда. Қалада «жасыл» технологиялар белсенді енгізілуде - жел электр станциялары іске қосылуда. Энергетикалық әлеует агроөнеркәсіптік сектордың дамуына да қосымша серпін берді: Екібастұзда ірі жылыжай кешендері кеңейтіліп, көкөніс өнімдерін өндіру көлемі артуда. 

Қаланың өзінде де айтарлықтай өзгерістер орын алды: қазір жыл сайын 87 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілуде, құрылыс жұмыстарының көлемі 124 млрд теңгеге жетті. Соңғы бес жылда 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, бюджет кірісі 69 млрд теңгеге дейін өсті. 

Сарапшылар 2023-2024 жылдары алғашқы нақты нәтижелердің орын алғанын, ал соңғы екі жылда қаланың жаңа, тұрақты жұмыс істейтін экономикалық моделі қалыптасқанын атап өтті. Бұл модель алдағы уақытта да кеңейе береді.Оған Екібастұздың мүмкіндіктері толық жеткілікті.