Павлодарда 15 жыл күткен тұрғындар баспаналы болды
«Достық» шағын ауданындағы жаңа ғимараттан 198 пәтер табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов жаңа тұрғындарға кілттерді салтанатты түрде табыс етті.
– Бүгін біз 2000-шы жылдардан бері нақты кезекте тұрған қала тұрғындарына кілттерді табыстап жатырмыз. Бұл – халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары, жетім балалар. Соңғы бірнеше жылда мен қала әкімі болған кезде де көбіңіз жазып, қабылдауға келдіңіздер. Одан кейін бұл мәселенің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау жұмыстарын қажет ететінін талқылап, әлеуметтік тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыруды жоспарладық, – дейді аймақ басшысы.
Асайын Байхановтың айтуынша, биыл 1280 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Мамыр айында 200 пәтер кілті табысталады.
– Сабырлық танытып, осы уақыт ішінде түсіністікпен қарағандарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Шаңырақтарыңыз шаттыққа, бақ-береке мен қуанышқа толы болсын, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы жалға берілетін тұрғын үй салу тәжірибесі жалғаса беретінін атап өтті. Жоба Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Президентінің қолдауымен қаржыландырылады.
Фото: Константин Шелков