Қарумен қорқытқан: Павлодар облысының автожолында бопсалаушылар ұсталды
Қызылорданың алты тұрғыны Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша тергелуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Polisia.kz ақпараттық-медиа порталдың мәліметінше, 8 ақпанда ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінген Қызылорда облысының алты тұрғыны Астана – Павлодар автожолында ұсталды.
– Олар екі танысын күштеп көлікке отырғызып, пәтерге алып келіп, ұрып-соғып, қару-жарақпен қорқытып, екі күн бойы ұстап, 300 мың теңге мен ұялы телефондарын тартып алған. Сонымен қатар тағы бір миллион теңге талап еткен, – деді Ішкі істер министрлігінде.
Жәбірленушілердің бірі қашпақ болып, бесінші қабаттан секіріп кетіп, көптеген жарақат алған. Күдіктілер екінші жәбірленушіні көлікке отырғызып алып, ізін суытпақ болған кезде ұсталды. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің бірнеше бабымен қылмыстық іс тергеліп жатыр.