Екібастұз қалалық вокзалы жаңартылады (ВИДЕО)
Вокзал маңында орналасқан шағын-сквер де абаттандырылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов Instagram парақшасында жазды.
Аймақ басшысы Екібастұзға жасаған кезекті жұмыс сапарын қалалық ЖЭО-дан бастады. Қазіргі уақытта 5 қазандық жұмыс істеп тұр, тікелей жылу беру температурасы - 65 °C және кері қайтару - 45 °C. Бүгін сағат 22:00-ге дейін тағы бір қазандық агрегатын жөндеуді аяқтап, оны резервке шығару жоспарлануда.
Бұдан кейін облыс әкімі жылу станциясынан теміржол станциясына барды, сондай-ақ қалалық вокзалда болды.
- Екібастұзда тұрғанда оның қызметтерін жиі пайдаланатынмын. 90-шы жылдардың аяғынан бері мұнда көп нәрсе өзгермеген деуге болады. Облыс орталығындағы вокзал сияқты, ол да жаңартуды қажет етеді. Бұл мәселемен айналысатын боламыз, - деді аймақ басшысы.
Асайын Байханов облыстық жолаушылар көлігі басқармасына келесі жылға жұмыстарға бюджеттен қаражат қарастыру үшін вокзалды қараша айына дейін қайта құру жобасын дайындауды тапсырды.
Мұндағы басты мақсат - мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділік, қызмет көрсету саласында шағын бизнес үшін пайдалы кеңістік пен жағдайлар ұйымдастыру.
Сондай-ақ Екібастұз әкімдігіне вокзал маңында орналасқан шағын-скверді абаттандыру мәселесін пысықтауды тапсырды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram