Екібастұз жылу электр орталығында 7 қазандықта жұмыс жүріп жатыр – министр
Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жылыту маусымына дайындық туралы айтты, хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сәтқалиев Қаржы министрлігімен бірлесіп, Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың резервін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізіліп жатқанын атап өтті.
– Екібастұз жылу электр орталығының сенімді жұмысын қамтамасыз ету аясында алдағы жылыту маусымында 10 қазандықты жөндеу көзделген. Қазіргі уақытта 7 қазандықта жұмыс жүріп жатыр. Коммуналдық меншікке қабылданған 5 су жылыту қазандығын жөндеуге Үкімет резервінен 7,4 млрд теңге бөлінді. Қалған 5 бу қазандығы, сондай-ақ қосалқы жабдықтар, ғимараттар мен құрылыстар «Орта Азия электр энергетикалық корпорация» акционерлік қоғамының есебінен жөнделеді, – деді Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында.
Еске сала кетейік, ЕЖЭО бас ғимаратының жылу контурын қалпына келтіру үшін құрылымға техникалық тексеру жүргізілді, бұзып алып тастауға және ауыстыруға жататын қабырға және төбе плиталарының картасы жасалды. Жұмыстарға өнеркәсіптік альпинистер, мамандандырылған жабдықтар мен техника жұмылдырылған. Жұмыстарды жаздың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.