Жағажай футболы: Павлодарлық «Арман» суперкубок иегері атанды

Жағажай футболы: Павлодарлық «Арман» суперкубок иегері атанды
Фото: Олега Градского

Алаң иелері финалдық ойында семейліктермен ойнады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда жағажай футболынан Қазақстан Суперкубогы ойындарының финалдық кезеңі өтті. Бас жүлде үшін жергілікті команда «Арман» семейлік «Арлан» командасымен кездесті. Алаң иелері қарсыластарымен біраз арпалысты. Бірінші кездесуде 7:7 есебімен тең түскен командалар пенальти арқылы жеңімпазды анықтады. Павлодарлықтар 4:3 есебімен басым түсіп, алғашқы кездесудің жеңімпазы атанды. Екінші кездесуде «Арландар» павлодарлықтарды 3:4 есебімен ұтты. Шешуші кездесуде алаң иелері айқын басымдылық танытып, 11:3 есебімен жеңіс тойын тойлады. Осылайша, павлодарлық «Арман» үш кездесудің нәтижесінде 2:1 есебімен кубок иегері атанды. 

Турнирдің үздік ойыншысы аталымын «Арлан» командасының ойыншысы Дмитрий Фролов иеленді. Сондай-ақ, облыстық футбол федерациясының бас хатшысы Сейітбек Сембаев Баянбек Муралинов, Дмитрий Перевертов және Виталий Тюльпеге «Қазақстан футбол федерациясына 30 жыл» атты арнайы медальдарын табыс етті.

Павлодарлық «Арманның» және ұлттық құраманың бас бапкері Болат Әленов елімізде жағажай спортын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін Қазақстан футбол федерациясының атынан алғыс хатқа ие болды.