Павлодар облысында ауыл әкімі балағат сөз үшін жазаланды

Оқиға Успен ауданы Новопокров ауылдық округінде орын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ағымдағы жылдың тамыз айында 18 жастағы бес жас жігіт мотоциклдеріне қозғалтқыштың дауысын күшейтетін қосымша құрылғылар орнатып, күндіз-түні ауыл көшелерін шарлап, зейнеткерлер мен балалардың, сондай-ақ кент тұрғындарының тыныштығын бұзған.
26 тамыз күні өткізілген рейд барысында төрт мотоцикл иесі ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ұсталғандардың сөзінше, олармен бірге тағы бір ауыл тұрғыны болған. Екі күннен кейін оны полиция қызметкерлері анықтап, қамауға алған еді.
– Мені түсіндіру әңгімесіне шақырды. Алайда ол бейнебақылау камераларындағы айқын дәлелдерге қарамастан өз кінәсін мойындамады. Сол сәтте өзімді ұстай алмай, эмоцияға беріліп, оның атына балағат сөз айтып қойдым. Бұл әрекетімнің дұрыс болмағанын толық мойындаймын, – деді ауыл әкімі Вячеслав Симоненко.
Успен аудандық соты ауыл басшысын әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салған.
Вячеслав Симоненконың айтуынша, жәбірленуші азамат бұрын да екі рет полицияға жеткізілген. 2024 жылы ол мотоциклмен орталық алаңда орнатылған жазуды зақымдады. Сонымен қатар қоғамдық орында алкоголь ішкені үшін жауапқа тартылған еді.
Әдеп кеңесінің мүшелері Успен ауданының әкімі Нұрболат Мақашевқа ауыл әкіміне «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.
Айта кетейік, кеңес барысында заңсыз сыйақы беру фактілері де талқыланды. Нәтижесінде Екібастұз қаласының ТҮКШ және жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Абай Хакимовке, Железин ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Қаңтарбаевқа, сондай-ақ Лесной ауылдық округінің әкімі Татьяна Кишкуноваға «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы» сөгіс жариялауға ұсыным білдірілді.
Аталған басшылар тәртіптік жазасы бар және сынақ мерзімін өтеп үлгермеген қызметкерлерге де ақшалай сыйақы берген. Заңсыз төлемдер мемлекетке толық көлемде қайтарылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін кеңес мүшелері Қоянды ауылдық округінің әкіміне қатысты істі қарады. Салдарынан Екібастұз қаласының әкіміне кент басшысына «қатаң сөгіс» жариялау ұсынылды.