Екібастұзда полицей боранда бір күн көлікте отырған балықшыларды тауып алды
Көлік қалың қардан шыға алмай қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Шиқылдақ ауылының тұрғыны Қанапия Дүйсенбаев таңертең қоңырау шалып, көмек сұраған. Ауыл тұрғынының 30 бас қойы боранда желмен ықтап, жоғалып кеткен.
– Далада ештеңе көрінбеді, қатты жел соғып, көлік әртүрлі бағытта жүрді. Біз ауыл тұрғындарымен бірге іздеуге шықтық. Іздеу үш сағатқа созылды, нәтижесінде қойлар ауылдан жеті шақырым жерде табылды, – деді Екібастұз қаласы полиция басқармасы учаскелік полиция инспекторы Аян Биканов.
Қойды жаяу іздеп жүргенде учаскелік полиция қызметкері ішінде адамдары бар жеңіл көлікті көріп қалған. Балық аулауға шыққан Екібастұз тұрғындары боран басталып кетіп, үйлеріне қайта алмай қалған. Ақ түтек боран соққан далада адасып, бір күн көлікте отырған.
– Досым екеуміз балық аулауға шыққан едік, қатты боран басталып кетті. Үйге қайтып оралмақ болған едік, бірақ адасып кеттік, артқа да, алға да шыға алмай, тұрып қалдық. Бір күн тұрдық, суықтан қатып қалдық. Шынымды айтсам, өмірмен қоштастық деп ойладық, бірақ біреу бізге қол бұлғап тұрғанын көрдік, – дейді олар.
Учаскелік полицей Аян Биканов балықшылардың көлігін шығарып, елді мекенге жетуге көмектескен. Қала тұрғындарды полицейдің бұл әрекетіне риза болып, алғыс білдірді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram