Павлодар облысында интернет-алаяқтықтың ең кең таралған тәсілдері белгілі болды
Алаяқтардың айласы күн сайын жаңарып, азаматтарды алдау жолдары күрделене түсуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ризабек Жанат қазіргі таңда интернет-алаяқтыққа қарсы күрес тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде, әсіресе банк саласында белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Павлодар облысы бойынша ең кең таралған алаяқтық тәсілдердің бірі – өзін «банк қауіпсіздік қызметкері» ретінде таныстыру. Мұндай жағдайда алаяқтар азаматтарға қоңырау шалып, түрлі сылтаулармен жеке деректерін, SMS-кодтарын немесе банк мәліметтерін алдап алады, – дейді Ризабек Жанат.
Тағы бір жиі кездесетін тәсіл – жалған инвестициялар. Әлеуметтік желілерде ірі компаниялар мен танымал тұлғалардың атын пайдаланып, «жеңіл табыс табу» туралы жарнамалар таратылады. Алайда азаматтар ақша салып, нәтижесінде ірі көлемдегі қаражатынан айырылып, тіпті мүлкін сатуға дейін барады.
Сонымен қатар, «Қазпошта» немесе жеткізу қызметтері атынан жасалатын алаяқтық та жиілеген. Азаматтар онлайн тауарға тапсырыс бергеннен кейін, оларға қоңырау шалып, SMS-кодты айтуын сұрайды. Осы арқылы алаяқтар олардың жеке деректеріне қол жеткізеді.
Құқық қорғау органдары азаматтарды ешқашан бөгде адамдарға кодтарды бермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және белгісіз адамдармен сөйлеспеуге шақырады.
Басқармасы бастығының орынбасарының айтуынша, бүгінде «дропперлерге» қатысты жұмыстар да күшейтілген. 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап банк шоттарын үшінші тұлғаларға бергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Соның нәтижесінде Қазақстанда дропперлер саны азайып келеді. Алайда алаяқтар оларды енді шетелден тартуда. Қаражаттар халықаралық ақша аудару жүйелері, соның ішінде Western Union арқылы жіберіледі.
– Банк қызметкерлерімен бірлескен жұмыстың арқасында бірқатар алаяқтық әрекеттердің алдын алу мүмкін болды. Мәселен, жуырда 60 жастан асқан ер адам АҚШ-қа 53 мың доллар аудармақ болған. Банк қызметкерлері дер кезінде хабарлап, құқық қорғау органдары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бұл әрекетті тоқтатты, – дейді ол.
Сондай-ақ риелторлармен де тығыз байланыс орнатылған. Мысалы, нарықта 30 миллион теңге тұратын пәтерді 20 миллионға шұғыл сату әрекеттері байқалса, бұл алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін. Осындай жағдайларда полиция қызметкерлері барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жыл басынан бері осындай 2-3 дерек тоқтатылған.
Дегенмен, басты мәселе – жәбірленушілердің сенбеуі. Әккі қулар алдын ала «ешкімге сенбеңіздер, тіпті полиция келсе де» деп нұсқау береді. Соның салдарынан кейбір азаматтар тіпті баспанасынан айырылып жататын көрінеді.
Ал деректердің таралуына келсек, мамандар оның түрлі жолдармен жүзеге асатынын айтады. Мысалы, «даркнет» арқылы хакерлер банктердің, медициналық мекемелердің және басқа ұйымдардың деректер базасын сатып алады. Сондай-ақ онлайн-сервистердің бұзылуы арқылы да жеке мәліметтер сыртқа шығуы мүмкін.
Айта кетелік, Павлодар облысында банк қызметкерлерінің алаяқтыққа қатысы бар деректер тіркелмеген.