Екібастұзда бөлшектелген әйелдің мәйіті табылды, күдікті ұсталды
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты полиция растап, адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 26 шілде кешінде әлеуметтік желілерде Екібастұздағы Мұхтар Әуезов көшесі, 24-үйдің маңындағы қоқыс жәшігінен әйел адамның дене бөліктері салынған қаптар табылғаны туралы ақпарат тарады.
Аталған мекенжай бойынша «102» арнасына хабарлама түскен. Оқиға орнына келген құтқарушылар тұрғын үйлердің біріндегі пәтердің есігін ашып, зорлық-зомбылық белгілері бар адамның мәйітін тапқан.
Полицияның хабарлауынша, марқұмның денесінде бөлшектеу белгілері болған. Кейін ведомство адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
– Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстың мән-жайы мен себебі анықталып жатыр, – деп мәлімдеді Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.