Қара түтін: Екібастұзда кеніште өрт шықты
Қатты жалынды сөндіруге алты сағаттай уақыт кетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 20 маусымда сағат 14:45-те «Шығыс» көмір кенішінің № 2 өндіру жұмыстарының 3/1 учаскесінің көтергіш конвейерінің таспасы жанып кеткені туралы хабарлама түскен.
Өрт сағат 16:00 оқшауланып, 20:40-та сөндірілді. Оқиға орнында кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің үш техникасы мен жеке құрамнан 12 адам жұмылдырылды. Сондай-ақ, кеніштің екі су тасығыш көлігі, ерікті өрт сөндіру жасағы жіберілді.
Өрт конвейердің іске қосылған және жұмыс істемейтін таспасында шыққан болатын. Зардап шеккендер жоқ. Тілсіз жаудың шығу себептері анықталуда.