Екібастұзда он екі қап балық аулаған зейнеткерге қылмыстық іс қозғалды

Екібастұзда он екі қап балық аулаған зейнеткерге қылмыстық іс қозғалды

Павлодар облысы аумағында 15 сәуір мен 30 мамыр аралығында өткен «Уылдырық» жедел-алдын алу іс-шарасының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, іс-шара нәтижесінде балық аулау ережелерін бұзу бойынша 84 факт тіркелген. Балық аулайтын 31 құрал тәркіленді. Барлық  құқық бұзушылар жауапқа тартылды. 

Мысалы, 9 мамыр күні сағат 06:30-да Стэлла-Екібастұз автожолында полиция қызметкерлері 64 жастағы қала тұрғынының басқаруымен Toyota маркалы автокөлігін тоқтатқан. 

- Автокөлікті тексеру кезінде жүк салғыш бөлігінде жалпы салмағы 338 келі «ақтабан» тұқымды балыққа толы 12 қапшық табылды. Оған тиісті құжаттары болмаған. Ер адам балықты Екібастұз қаласының Солнечный кентінің Шандақсор көлінде аулағаны анықталды. Көлік арнайы айып тұрағына қойылды. Балық өнімдері іс жүргізу шешімі қабылданғанға дейін тоңазытқыш камераға сақтауға берілді,- деді облыстық ПД жергілікті полиция қызметінің басшысы Қуаныш Мұстафинов.

Бұдан басқа, рейдтік іс-шаралар барысында балық аулау инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп 20 мамырда сағат 04:35-те Май ауданының аумағында «Ауди-80» маркалы автомашина тоқтатылды. Автокөліктің салонында жалпы салмағы 372 кг болатын «мөңке» тұқымының 9 қапшығы табылды. Оған да рұқсат құжаттары болмаған. 

Сондай-ақ полицейлер Қытайда жасалған 3 тор және үрлемелі резеңке қайықты тәркіледі. Балықты Жұмыскер ауылдық округінің Қарасор көлінің маңында аулағаны анықталды. 

- Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 335-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, - деді департаментте.

Жедел-профилактикалық іс-шара аяқталды, бірақ полицейлер азаматтардан су биоресурстары мен балық шаруашылығы маңызы бар су объектілерін қорғау және сақтау саласындағы заңды бұзбауды сұрайды.

Фото: ашық дереккөздерден