Павлодарда болашақ Димаш Құдайберген өсіп келеді
Қазіргі таңда болашақ өнер иесі Павлодар қаласындағы №120 балабақшаға барады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Төрт жастағы Әлімхан Бекішевтің отбасы – шығармашыл жанұя. Үй ішінің бәрі ән айтады әрі әртүрлі тілде орындайды. Баланың ең алғаш үйренген әні – Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекені». Ал сүйікті туындыларының қатарында Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы» да бар.
– Әлімханмен арнайы вокалдық сабақ өткізген жоқпыз, – дейді әкесі Дархан Бекішев. – Бастапқыда бізден естіген кейбір сөздерді ғана қайталайтын. Кейін біртіндеп бүкіл мәтінді жаттап алатын болды. Әжесімен қазақ әндерін, ауған соғысының ардагері атасымен әскери әндерді айтады. Ал анасы – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, онымен бірге ағылшынша ән шырқайды. Балабақшада жүріп балалар әндерінен де өзіне тән қор қалыптастырды.
Әлеуметтік желілердегі бейнероликтердің бірінде Әлімхан «МузАРТ» тобының «Жайлаукөл кештері» әнін орындап, 300 мыңнан астам қаралым мен екі мыңға жуық пікір жинаған. Пікір қалдырғандардың қатарында топтың солисі Сәкен Майғазиев те бар. Ол: «Алла бере салған құлыншақ! Саналы, білімді, өнерлі болып өссін», – деп жылы лебізін білдірген.
– Баламыздың мұндай қабілеті ең алдымен табиғи таланты деп ойлаймын, – дейді анасы Ажар. – Тіпті балабақшада да өлең мен әндерді арнайы жаттатпаймыз. Димаш Құдайбергеннің таланты да ерте байқалған еді. Бәлкім, біздің ұлымыз да болашақта танымал болып, өнерімен Қазақстанды танытар.
Ән айтуымен қатар Әлімхан «Lego» конструкторларына қызығады. Күн сайын ұйықтар алдында қазақтың халық ертегілерін тыңдайды. Көптеген ертегіні жатқа біледі, олардың қатарында «Мықты қыз», «Бай мен кедей» сынды шығармалар бар.
Посмотреть эту публикацию в Instagram