Павлодар облысында балық инспекторлары тапшы
Балық шаруашылығын бақылауға жауапты мамандардың жүктемесі көп, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде балық ресурстарын қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мекемесінің облыстық балық инспекциясы бөлімі жүзеге асырады.
- Павлодар облысында балық инспекциясы мамандарының тапшылығы айқын сезілуде. Қазіргі таңда бөлімде бар болғаны сегіз мемлекеттік инспектор жұмыс істейді. Бұл сан облыстағы барлық су айдындарын толық қамтуға жеткіліксіз. Әр инспекторға бірнеше бақылау аумағы бекітілген, сондықтан олардың жүктемесі едәуір артып отыр. Яғни, қолдағы кадрлық ресурстар табиғатты қорғау шараларын толыққанды жүзеге асыруға мүмкіндік бермей, инспекторлардың жұмысын күрделендіріп отыр, - дейді инспекцияның бөлім басшысы Самал Темірболатова.
Мамандардың материалдық-техникалық база ішінара қамтамасыз етілген: инспекция қарамағында 6 автокөлік пен бір қайық бар. Дегенмен кадр тапшылығы негізгі мәселе болып отыр.
Қазіргі таңда сала мамандары инспекторлар санын арттыру қажеттігін алға тартып отыр. Балық инспекторлары су айдындарындағы биологиялық ресурстарды қорғау, балық қорын сақтау және табиғатты ұтымды пайдалану қағидаларының сақталуын жүзеге асырады. Сонымен қатар олар заңсыз балық аулау фактілерінің алдын алу және анықтау бағытында тұрақты рейдтік іс-шаралар жүргізеді.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында «Уылдырық» табиғат қорғау шарасы басталды. Балық аулауға шектеу 15 сәуір мен 30 мамыр аралығында жүзеге асырылады.
Аружан Тоймырза