Екібастұзда жасырын алкоголь өндіру цехы анықталды
Оқиға орнынан 300 литрге жуық сыраға ұқсас сұйықтық тәркіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері Екібастұз қаласында өз үйінде заңсыз түрде алкоголь өндіретін жасырын цех ұйымдастырған тұрғынның әрекетін тоқтатты.
– Үй-жайды тексеру кезінде ішінде белгісіз сұйықтық бар 139 пластик бөтелке, сыраға ұқсас 288 литр сұйықтық, 10 шыны колба және алкоголь өнімдерін (виски, ликер, сыра) қолдан жасап шығаруға арналған аппарат, сондай-ақ спирт өндіруге арналған құрал-жабдықтар анықталып, тәркіленді. Өнімдерге белгілі брендтердің этикеткалары жапсырылған, алайда акциздік белгілері болмаған. Тәркіленген өнім сараптамаға жіберілді, оның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады, – деді Екібастұз қаласы ПБ бастығы Төлеген Құдайбергенов.
Тәртіп сақшылары алкоголь өнімдерін заңсыз дайындау, сондай-ақ оны өндіруге арналған жабдықтарды сақтау қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.