Павлодарда өзге ұлт өкілдері қазақша ән айтып, күй шертті
«Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының музыкалық байқауы бойынша облыстық кезеңі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Достық үйінде ұйымдастырылған байқауға мемлекеттік тілді жетік меңгерген, қалалық, аудандық кезеңді жеңіп шыққан 15 өзге ұлт өкілдерінің мектеп оқушылары қатысты.
– «Мың бала» республикалық байқауы 2015 жылдан бастап өткізіліп келе жатыр. Сайыстың мақсаты өзге ұлт өкілдері жастарының қазақтың тілін ғана емес, өнерін де меңгеруге қызығушылығын арттыруға ықпал ету болып табылады. Қатысушылар ұлттық костюмдерде өздерін таныстырып, өнерлерін көрсетті. Мемлекеттік тілді меңгеруге ерекше қызығушылық танытқан өскелең ұрпақпен мақтанамыз, – деді «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің, облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Бақытжамал Максилова.
Жас вокалистер патриоттық әндерді тамылжыта шырқаса, домбырашылар қазақтың қара домбырасын күмбірлете тартты.
Тереңкөл ауданынан келген жас әнші, Қатшы Оспанова атындағы №3 жалпы орта білім беру мектебінің 10-сынып оқушысы Селинч Касимованың ән айтуға деген қызығушылығы бірнеше жыл бұрын пайда болғанын атап өтті.
– Мен қазақ мектебінде оқимын. Отбасымда бәрі орысша сөйлесе де, мен кішкентай кезімнен қызығып, өзім қазақша үйреніп алдым. Қазір әуесқой әнші ретінде шығып жүрмін. Бүгінгі сайыста «Бетперде» деген өлең айттым. Байқауға бірнеше күн дайындалдым, жақсы өнер көрсете алдым деп ойлаймын, – дейді Селинч Касимова.
Байқау қорытындысы бойынша екінші орынды Баянауыл ауданы Майқайын балалар өнер мектебінің 8-сынып оқушысы Расул Кончиков, үшінші орынды Шарбақты ауданы балалар музыка мектебінің 5-сынып оқушысы Нодари Чанкселиани иеленді. Ал, облыстық дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің 9-сынып оқушысы Алиса Чистова жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге қатысуға жолдама алды.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы қыркүйек айында өткен «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасын өткізу аясында өткен қазақтың біртуар перзенті Тұрар Рысқұловтың 130 жылдық мерейтойына арналған «Тұрар Рысқұлов – тарихи тұлға» тақырыбында жалпы қазақстандық ашық диктантқа қатысып, жақсы нәтиже көрсеткен қатысушыларды марапатталды.