Екібастұзда жол апатынан зақымдалған скутерлер жүргізушілердің қырағылығын оятты

Тәртіп сақшылары жол қауіпсіздігі бойынша профилактикалық іс-шара өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Патрульдік көліктің артынан жол-көлік оқиғасына түскен зақымдалған мотоциклдер мен скутерлер артылған эвакуаторлар ілесіп жүрді. Колонна Екібастұз қаласының Полиция басқармасынан жолға шыққан болатын. Бұл – жол ережелерін бұзудың салдары туралы еске салу ретінде сабақ болды.
– Колоннаның бағыты қаланың негізгі көшелері арқылы өтті. Қала тұрғындары бұл іс-шараны қызығушылықпен бақылап, ол жол қауіпсіздігі жайында нақты ескерту ретінде қабылданды. Іс-шараның мақсаты – жол тәртібіне жауапсыз қараудың салдарын көрсету, апаттардың алдын алу және адам өмірін сақтау, – деді облыстық полиция департаментінде.
ЖКО-ның басты себептері:
– жүргізуші куәлігі мен құжаттарсыз көлік жүргізу,
– жылдамдықты шамадан тыс асыру,
– жол қозғалысы ережелерін сақтамау.
– Есіңізде болсын, скутер мен мотоцикл – бұл автомобиль сияқты толыққанды көлік құралы, сондықтан жол қозғалысы ережелерін сақтау міндетті. Қорғаныс дулығасы өлімге әкелетін жарақат алу қаупін азайтады. Тіркелмеген көлік құралын және жүргізуші куәлігінсіз басқару тек өз өміріңізге ғана емес, басқа жол қозғалысына қатысушыларға да қауіп төндіреді, – деді екібастұздық полицейлер іс-шара барысында дауыс зорайтқыш арқылы.
Жол-көлік оқиғаларына түскен скутерлер мен мотоциклдердің сынған, зақымдалған күйі жол қозғалысы ережелерінің бұзылуының нақты көрінісіне айналды.