Майқайың кентінде әйел жамағаты арасында волейболдан жарыс ұйымдастырылды
Аталмыш сайыста облысымыздың жеті мешітінен қыздар командалары бақ сынасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Майқайың кентінде «Әйел-қыздар секторының» ұйымдастыруымен волейболдан әйел-қыздар жамағаты арасындағы облыстық ауыспалы кубок сайысы өткізілді. Жыл сайын өтуі дәстүрге айналған спорттық шара салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортқа баулу және үздік командаларды анықтауға бағытталған.
– Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Нахыл» сүресінің 18-аятында: «Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар». Осындай адам баласына берілген үлкен нығметтердің бірі – денсаулық, – дейді «Әйел-қыздар секторының» жетекшісі Ақерке Тұрғынбай.
Жарысқа облысымыздың «Мәшһүр Жүсіп» мешіті, «Ақмешіт» мешіті, «Шайқы ата» мешіті, «Әбу Бәкір сыддық» мешіті, «Ғабдул-Уахит хазірет» мешіті және Майқайың кентінің мешіті қызу тартыспен қатысты.
Сайыс соңында жеңімпаздар анықталып, мадақтама хат, ақшалай сертификаттар табысталды.
Бірінші орынды Майқайың кенті мешітінің командасы, екінші орынды Екібастұз қалалық мешітінің командасы, үшінші орынды «Әбу Бәкір сыддық» мешітінің командасы иеленді.
Сондай-ақ, «Шайқы ата» мешіті командасының ойыншысы Айнелла Имангазинова – «Үздік қорғаушы», «Мәшһүр Жүсіп» мешіті командасының ойыншысы Латофат Музрапова «Үздік шабуылшы» атанып, марапатқа ие болды.
Орын иеленбеген басқа командаларға жұбаныш сыйлығы табысталды.
Айта кетейік, ойынға қатысқан барлық команда мүшелеріне ақ дастархан жайылып, ақ тілектер айтылды.