Екібастұзда ұрылар велосипед пен балалар арбасына қол салуда
Тұрғындар аталған мүлікті қараусыз қалдырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Екібастұз қаласының тұрғыны М.Жүсіп көшесі бойындағы логопедиялық орталықтың жанында қалдырып, балалар арбасынан айырылып қалды.
- Ұрылардың құрбаны болған тағы бір ер адам велосипедінің жоғалғаны туралы хабарлады. Ол велосипедті үйдің ауласына қалдырып кеткен. Қазіргі уақытта осы қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау үшін жедел-іздестіру іс – шарасы жүргізілуде, - делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары көктемгі-жазғы маусымның басталуымен азаматтарды қырағы болуға және велосипедтер мен арбаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.
- Талдау көрсеткендей, кіреберістер мен дүкендердің жанында қараусыз қалған велосипедтер мен арбалар күндізгі уақытта ұрланады. Сонымен қатар, түнде арнайы құралдармен жабдықталмаған кіреберістерде қалған дүниелер де қолды болады. Ұрлыққа жол бермеу мақсатында азаматтардан велосипедтерді қараусыз және кіреберістерде қалдырмауын сұраймыз, - дейді полицейлер.
Велосипед ұрлығынан қалай сақтануға болатыны туралы бірқатар тиімді әдістер бар. Көлік құралын қараусыз қалдыруға болмайды, қоршауларға бекіту үшін қорғаныс кабелін пайдалану ұсынылады. Егер велосипед ұрланған болса, бұл туралы дереу полицияға хабарлау қажет.
Айта кетелік, облыста ағымдағы жылы велосипед ұрлығының 6 фактісі тіркелген.