Павлодар облысында абьюзерлердің көбі Тереңкөлде тұрады

Павлодар облысында абьюзерлердің көбі Тереңкөлде тұрады
Фото: Константин Шелков

Облыс орталығында зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге арналған арнайы орталық жұмыс істеуде, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында балалары бар әйелдердi әлеуметтiк-психологиялық сауықтыру және бейiмдеу Павлодар қалалық орталығының директоры Айнаш Ілясова мәлім етті. 

– Қазіргі уақытта орталықта 51 адам тұрады, оның ішінде 15 әйел, 36 бала бар. Орталыққа кәмелетке толмаған балалары бар, өз бастамасы бойынша немесе мемлекеттік органдардың жолдамасы бойынша жүгінген әйелдер қабылданады. Орталықта тұру мерзімі – бір күннен бір жылға дейін, –  дейді спикер. 

Оның айтуынша, орталыққа көбінесе ішімдікке құмар, жұмыссыз күйеулерінен қашқан әйелдер келеді. Мекемеде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге әлеуметтік, психологиялық, заң тұрғысынан көмек және қолдау көрсетіледі, отбасындағы зорлық-зомбылық проблемалары бойынша ақпараттық-алдын алу жұмысы жүргізіледі. 

Облыс аудандарының ішінде  абьюзерлердің басым бөлігі Тереңкөл ауданында тұрады. 

– Мәселен, екінші топтағы мүгедек әйел баласымен орталыққа жүгінген болатын. Бірге тұратын ер адам зорлық-зомбылық көрсеткен. Ол үнемі ішімдік ішетін болған. Әйел адам бірнеше рет учаскелік инспекторға жүгінген, алайда ол бұл ісін тоқтатпаған. Кейін ғана біздің орталыққа жүгінуді жөн көрген, – дейді Айнаш Ілясова. 

Айта кетерлігі, бұл оқиғадан кейін күйеуінен зәбір көрген әйел  адам орталықта төрт ай тұрып, кейін қайта сол ер адамға оралған. Мұндай оқиғалар орталықта жиі тіркеледі. Тіпті, олардың арасында күйеуіне қайта оралып, бақытты ғұмыр кешіп жатқандар да аз емес.