Аударыспақтан Қазақстан бес алтын, бір күміс медаль жеңіп алды
Бұл спорт түрі бойынша тоғыз мемлекеттің палуаны өнер көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында аударыспақ бәсекесі аяқталды. Алты салмақтың бесеуінде Қазақстан – алтын, біреуінде күміс медаль жеңіп алды.
Жарыстың екінші күнінде 90, 100, +100 келі салмақ бойынша жүлделер сарапқа салынды. Атап айтсақ, 90 келі салмақ дәрежесінде қырғызстандық Ислам Бердібекұлы топ жарды. Екінші орын қазақстандық Есімхан Рахматілләға бұйырды.
Ал 100 келіде қазақстандық Сырым Ізбасаровқа тең келетін ешкім болмады. Ол финалда Моңғолиядан келген Ерболат Жеңісбекті таза жеңді.
Ал 100 келіден жоғары салмақта тағы бір қазақстандық Біржан Қосалиев үздік шықты. Финалда қырғызстандық Күмушбек Қыдырәлиевтен басым түсті.
Кеше 60,70, 80 келіге дейін салмақта жеңімпаздар анықталды.
– Мен спортшыларымызды мақтан тұтамын. Олар – нағыз жауынгерлер. Өйткені, ат үстіндегі күресте жеңіске жету үшін әрі мықты балуан, әрі шебер шабандоз болу керек. Ұлы бабаларымыздай батыл да епті болуымыз қажет. Дүниежүзілік ат үсті күрес федерациясының президенті ретінде барлық балуандардың дайындығы жоғары екенін атап өткім келеді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары сияқты жарыстардың арқасында ұлттық спорт түрлерінің халық арасында танымал бола бастағанына өте қуаныштымын, – дейді Халықаралық ат үсті күресі федерациясының және Қазақстан аударыспақ федерациясының президенті Марат Жұман.
«Қазанат» ипподромы маңындағы этноауылда өткен аударыспақтан бәсекеге тоғыз мемлекеттен 64 спортшы қатысты. Олар – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Венгрия, Қытай, АҚШ және Ресей.