Екібастұздық спортшы ММА бойынша әлем чемпионы атанды
Ол қала әкімінің қолынан жарты миллион теңгенің сертификатын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Абу-Дабиде аралас жекпе-жектен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтті. Рингте 52 елден 840-тан астам спортшы бақ сынады.
Қазақстан құрамасының спортшылары арасында екібастұздық спортшы Бектас Файзолла да болды. Ол бес жекпе-жек өткізіп, 93 келіге дейінгі салмақта жасөспірімдер арасында ММА бойынша әлем чемпионы атанды.
Бектас Файзолла – «Yerengaipov team» жекпе-жек мектебінің түлегі.
– Қажетті нәтижеге жету үшін тек тәртіп пен қажырлы дайындық керек, – деді спортшы. – Ең алдымен бапкерлеріме алғыс айтқым келеді.
Чемпионды жеңісімен құттықтауға Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин арнайы келіп, онымен жеке кездесті.
– Бұл – сенің ұлттық спорт мансабыңдағы алғашқы қадамың, – деді әкім Бекзатқа. – Жеңіс туралы естігенде қатты қуандық. Бәрі әлі алда. Осындай спортшыны тәрбиелеген бапкерлеріңе мың алғыс.
Әкім жеңімпазға спорт саласына қосқан үлесіне алғыс ретінде 500 мың теңгенің сертификатын табыс етті.
Клубтың жаңа залын аралаған Аян Бейсекин балалардың дайындап жатқан жағдайын тексерді.
Қазір залда екі жүзден астам жас спортшы шұғылданып жүр.
– Спортты жан-тәнімен қолдайтын осындай жерлестерімізді мақтан тұтамыз. Сіз біздің жастарға үлгі боласыз. Болашақта үлкен жеңістерге жетуді тілеймін! – деді әкім.
Қазір миксфайтерлер келесі ММА турниріне қызу дайындық үстінде.