Павлодарлық таэквондошылар Ресейде өтетін халықаралық чемпионатқа қатысады
Жарыс 10-14 қараша аралығында өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Санкт-Петербургте «Кубок основателя Таеквон-до» ICTF халықаралық турнирі өтуде. Павлодар облысының атынан тоғыз спортшы қатысады. Олар төрт жас санатында өнер көрсетеді.
8-9 жас аралығындағы кіші топта Нұрислам Мұстафин мен Әлинұр Қайырғалы жарысады. Милена Куванникова мен Виктория Комкова 10 мен 11 жас аралығында сынға түседі. 12-13 жас аралығында Нұрәлі Нұржанұлы, Мәдениет Алдияров, Камила Абдулатип пен Жан Шыңғажинов бақ сынайды. Әлихан Ниязбеков 14 пен 15 жас аралығындағы спаррингке шығады.
Қазылар алқасы кілемдегі жекпе-жекті үш пән бойынша бағалайды – хионги (ресми режим), массоги (спарринг) және соққы күші.
Жарысқа ТМД-ның барлық елдерінен таэквондошылар қатысуда.
Фото: Артём Граблёв
Әсия Серікова