Елімізде «Халық әуені» бастау алып, «Мәдениет және инновация» форумы өтеді
Ауқымды іс-шаралар Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстанда ауқымды «Халық әуені» концерттік туры мен «Мәдениет және инновация» республикалық форумы іске қосылады. Бастамалар мәдениет саласын дамытуға, ұлттық өнерді қолдауға және мәдениет мекемелерінің жұмысына заманауи технологияларды енгізуге бағытталған.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ұлттық мәдени мұраны сақтау, дамыту, отандық өнерді қолдау және халықтың рухани-мәдени деңгейін арттыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Мәдениетімізді дамыту бір саланың міндеті ғана емес, ұлттық бірегейлікті нығайтудың, қоғамдық келісімді бекемдеудің, адам капиталын дамытудың маңызды бағыты. Соның ішінде ұлттық мәдениетті ел өңірлерінде дамытудың мәні мен маңызы айрықша, - деді Аида Балаева.
«Халық әуені» жобасы негізінде концерттік ұйымдар мен шығармашылық ұжымдар Қазақстанның 17 өңірін 21-23 мамыр аралығында аралайды. Әр ұжым үш аудан орталығы мен моноқалада өнер көрсетеді. Жалпы тур аясында көрерменге 51 концерттік бағдарлама тегін ұсынылады.
Концерттер жанды дауыста өтіп, бірқатары ашық аспан астындағы алаңдарда ұйымдастырылады. Жоба ұлттық мәдени мұраны насихаттауға, өнердің үздік үлгілерін ел өңірлеріне, соның ішінде шалғай ауыл тұрғындарына жеткізуге бағытталады.
Бағдарламаға елімізде және халықаралық сахналарда өнер көрсетіп жүрген танымал әртістер, шығармашылық ұжымдар мен орындаушылар қатысады. Көрермен ұлттық музыкалық мұрамен қатар, заманауи концерттік қойылымдарды тамашалай алады.
«Халық әуені» жобасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның демеушілік қолдауымен алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Сонымен қатар, 19-21 мамыр аралығында Астанада «Мәдениет және инновация» республикалық форумы ұйымдастырылады. Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен музей, кітапхана, архив, мәдениет үйлері мен өзге де сала ұйымдардың өкілдері жиналады. Форумға сондай-ақ халықаралық және қазақстандық сарапшылар, бизнес қауымдастық өкілдері, креативті индустрия және технологиялық компаниялардың мамандары қатысады.
Форум аясында салааралық әріптестікті дамытуға, жаңа серіктестерді тартуға және өңірлердің қажеттілігіне сай бастамаларды іске асыруға айрықша назар аударылады.