Елде су шаруашылығы саласы мамандарының жалақысы арта түседі

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қызметкерлердің жалақы деңгейі 25%-ға ұлғайды және қазіргі уақытта ол орташа есеппен 204 мың теңгені құрайды.
Бұл ретте Министрлік 2024 жылғы желтоқсаннан бастап су саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыруға қатысты «Табиғи монополиялар туралы» ҚР Заңына өзгеріс пен толықтыру енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, мемлекеттік органдармен, аккредиттелген ұйымдармен, «Атамекен» ҰКП-мен және барлық мүдделі тұлғалармен келісілген тиісті түзету әзірленді. ҚР Үкіметінің оң қорытындысы алынды.
Биыл наурыз айында Мәжіліс депутаттары мақұлдап, «Аквамәдениет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын Сенатқа жолдады. Осы түзетулерді қабылдау 2025 жылдың екінші жартыжылдығында су саласы қызметкерлерінің жалақысын 50%-ға — 305 мың теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл шаралар салаға жоғары білікті мамандарды тартуға жағдай жасайды деп күтіледі.