«Ер Төстік» ертегісіндегі құс «Ертіс орманында» жүр
Резерваттағы фототұзаққа сирек кездесетін құстың бірі – тарғақ түсіп қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесі мәлімдеді.
- Резерват аумағынан Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек дала құсы - тарғақ табылды. Ол — дала аймағындағы ең сирек құстардың бірі. Оның тіркелуі резерват аумағында табиғи ортаның қолайлы сақталғанын көрсетеді, - дейді орманшылар.
Тарғақ – қызғыш құстың бір түрі. Күзде жылы жаққа ұшып кетеді де, наурызда қайта оралады. Ұясын жерге, шұңқырға салады. Сәуірде жұмыртқалайды. Төрт шұбар жұмыртқаны аталығы мен аналығы кезектесіп басып, үш аптадан кейін балапан шығарады. Олар бір айдан кейін ұясын тастап кете береді. Балапандары ересектері сияқты жәндіктермен, шегіртке, қоңыз тәрізді ауыл шаруашылығы зиянкестерімен қоректенеді.
Мамандардың айтуынша, бұдан 20-30 жыл бұрын оны кездестіру қалыпты жағдай болса, қазір қатары сиреген.

Республикалық биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының мәлімдеуінше, 2024 жылы 25 маусым мен 7 шілде аралығында Павлодар облысын бақылау барысында өңірден жалғыз тарғақ жолыққан. Кейіннен Ертіс даласына ұшып келмеген құс қасиетті мекенге қайта оралған.
Биылғы тарғақтың мекен ету ортасын тапқан Бесқарағай филиалы Бесқарағай орманшылығының аңшылықтанушысы Дәулет Түсіпханов. Ал сирек құсты фотоға түсірген Қанат Егембердиев.
Айта кетелік, «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесі биоалуантүрлілікті сақтау және жануарлар мен құстардың сирек түрлерін қорғау бағытындағы жұмыстарын әрі қарай жалғастыра берек.