Ерекше жандардың қауіпсіздігі: Павлодарда интеллектуалды камералар орнатылуда

Ерекше жандардың қауіпсіздігі: Павлодарда интеллектуалды камералар орнатылуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде «Қауіпсіз қала» жобасы аясында пансионаттар мен арнайы мекемелерде интеллектуалды бейнебақылау камералары қойылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әміриннің айтуынша, бұл – пилоттық жоба ретінде енгізіліп жатқан маңызды қадам.

– Мысалы, ерекше бала немесе мүмкіндігі шектеулі азамат өздігінен құлап қалса, жүйе автоматты түрде сигнал береді. Бұл күтпеген жағдайға жедел әрекет етуге мүмкіндік ашады. Жүйенің мақсаты – осал топтағы адамдардың қауіпсіздігін барынша қорғау, – деді ол.

Қазіргі уақытта облыстағы 156 мектеп пен 18 медицина мекемесіне бейнебақылау жүйесі орнатылды. Ал ерекше жандарға арналған мекемелерде орнатылып жатқан камералар – өңірде алғаш рет қолданылып отырған жаңа тәжірибе.

Мұндай технологиялар тек бейнежазба үшін емес, жасанды интеллект арқылы жағдайды талдау үшін қолданылады. Жүйе қауіпті белгілерді анықтап, жауапты қызметкерлерге дереу хабар береді.

Басқарма басшысы бұл шаралар ата-аналар мен қамқоршылардың да көңілін жайландыратынын атап өтті. 

Еске салсақ, Ақсудағы «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қарт адамдарға қатыгездік көрсетілгені анықталған болатын. Сот бақылау камераларының бейнежазбаларын зерттеп, мекеме қызметкерінің қарияларды жылы киімсіз далаға қалдырып, үсіп қалу қаупін тудырғанын анықтады. Ол кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды.