«Ертіс» құрамын Қазақстан жастар құрамасының қорғаушысымен толықтырды
Жас футболшы бұған дейін Премьер-лига мен Бірінші лига клубтарында тәжірибе жинаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлық «Ертіс» футбол клубы жаңа ойыншымен толықты. Команда сапына қорғаушы Сағи Мәлікайдар қосылды.
Футболшы кәсіби мансабында «Тұран Ж», «Түркістан» және «Жетісай» клубтарында өнер көрсеткен. Қазақстан Премьер-лигасындағы дебютін «Тұран» сапында өткізіп, соңғы уақытта «Ұлытау» командасының намысын қорғады.
Биылғы маусымда Сағи Мәлікайдар «Ұлытау» сапында 12 матчқа қатысып, бір гол соғып, бір нәтижелі пас берген.
– Сағи Мәліқайдар өз командасының 92% матчында негізгі құрамда шыққан нағыз темірдей берік қорғаушы! Сондай-ақ, Сағи Қазақстанның жастар құрамасына (U21) шақырту алып, екі ойын өткізген, – деді клубтың баспасөз қызметі.
Клуб өкілдерінің айтуынша, Сағидың басты артықшылықтары – оң қапталдағы жылдамдығы, жанкешті ойыны және шабуылдарға белсенді қосылуы.