«Ертіс» – «Астана»: павлодарлықтарға ұпай, елордалықтарға қола қажет

«Ертіс» – «Астана»: павлодарлықтарға ұпай, елордалықтарға қола қажет
Фото: «Астана» ФК

14 қазанда Павлодардың «Ертісі» Қазақстан Премьер-лигасының кейінге қалдырылған 18-тур матчында елордалық «Астананы» қабылдайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Орталық стадиондағы кездесу сағат 15:00-де басталады. Алдағы ойын екі команда үшін де турнирлік тұрғыдан аса маңызды.

«Қызылжардан» жеңілгеннен кейін павлодарлықтарға ауадай қажет нәрсе – ұпай. Жіберілген қателіктердің орнын толтыруға уақыт аз қалды. Сондықтан чемпионаттың қалған әрбір кездесуі «Ертіс» үшін шешуші мәнге ие. Оның үстіне бұл жолы команда өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсетеді.

Дегенмен қарсылас осал емес. Григорий Бабаян жаттықтыратын «Астана» чемпионаттың қола жүлдесі үшін «Ақтөбе» және «Оқжетпеспен» таласып келеді. Қазіргі уақытта елордалықтар қос қарсыласынан үш ұпайға озып тұр, әрі қоржынында бір қосымша ойыны бар. Алайда бұл басымдық арқаны кеңге салуға негіз бола алмайды.

Оның үстіне биылғы «Астана» өз алаңындағыдай сырт алаңда сенімді ойнай алмай жүр. Өткен демалыста Қостанайда жергілікті «Тобылдан» жеңілуі – соның тағы бір дәлелі. Демек, «Ертістің» оң нәтижеге үміт артуына толық негіз бар. Бірақ ол үшін павлодарлықтар алдыңғы кездесудегіден мүлде басқа ойын өрнегін көрсетуі тиіс.

«Астананың» құрамы да осал емес. Команданың басты жұлдызы, хорватиялық ардагер Марин Томасов биылғы чемпионатта он гол соғып үлгерді. Сонымен қатар елордалық клуб сапында Бауыржан Исламхан, Александр Меркель, Иван Башич, Абзал Бейсебеков сынды тәжірибелі футболшылар бар. Қорғаныста Бранимир Калаица, Карло Бартолец, Әлібек Қасым мен Ян Вороговский өнер көрсетсе, шабуыл шебінде Мақсат Абраев, Рамазан Кәрімов. Қостанайдағы сәтсіздікке қарамастан, «Астананың» Павлодарда алаң иелеріне айтарлықтай қиындық туғызуға қауқары жетеді.

Әрине, елордалықтар Павлодарға серуендеуге келген жоқ. Бабаян шәкірттерінің мақсаты айқын – үш ұпайды еншілеу. Кеше елордалық команда Орталық стадионда матч алдындағы жаттығуын өткізіп, бүгінгі ойын өтетін алаңның жағдайымен танысты.

Матч 14 қазанда сағат 15:00-де басталады.

Дәстүр бойынша маусымдық абонемент иелері, 14 жасқа дейінгі балалар және зейнеткерлер үшін кіру тегін. Стадионға тегін кіру үшін жеңілдікке құқығын растайтын құжатты көрсету қажет.