Ертіс ауданында екі медициналық пункт салынуда
Ауыл тұрғындарының игілігіне салынып жатқан қос нысанның құрылысы алдағы айда аяқталмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауданы әкімдігінің мәліметінше, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қызылағаш және Қарақұдық ауылдарында жаңа медициналық пункт бой көтеруде.
Қызылағаш ауылындағы медициналық кешеннің құрылысы мамыр айының соңында басталған. Бүгінде жөндеу жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Қазіргі уақытта нысанға шатыр жабыны орнатылуда. Құрылыс жұмыстарына 15 адам тартылған. Ал Қарақұдық ауылындағы медициналық пунктте ішкі әрлеу жұмыстары бастау алған. Сонымен қатар, электр, су құбыры желілері тексерілуде. 11 адам тартылған құрылыс нысанында жоспар 90 пайызға орындалған.
Екі медициналық кешен 29 тамызда аяқталып, пайдалануға берілмек. Жергілікті тұрғындар ауылдағы игі жұмысқа ризашылықтарын жеткізуде. Жасы келген қариялар аудан орталығына қатынамай, ауылда ем қабылдайтындарына қуануда.