Ертіс ауданында оқушылар киіз үйде ұлттық тағам әзірлеп, салт-дәстүрмен жақынырақ танысты
Ауданда жазғы демалыс кезеңінде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Қазақ VIBE» бейіндік лагері өз жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сілеті жалпы орта білім беру мектебінде ұйымдастырылған лагерь аясында оқушылар үшін қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдени мұрасын насихаттайтын мазмұнды іс-шаралар өткізілуде.
Білім ордасында Қоскөл, Бірлік және Абай мектептерінің оқушыларының қатысуымен «Дәстүрім – асыл қазынам» атты танымдық-мәдени шара ұйымдастырылды. Бағдарлама барысында оқушылар ұлттық ойындарға белсенді қатысып, қазақтың бай мәдениетімен жақынырақ танысты. Олар арқан тарту, қазақ күресі, асық ату және тоғызқұмалақ сияқты дәстүрлі ойындарда бақ сынап, ептілік пен шеберліктерін көрсетті. Сонымен қатар, балалар арқан тоқу өнерінің қыр-сырын меңгеріп, ұлттық қолөнердің ерекшеліктері туралы мағлұмат алды.

– Іс-шараның ең әсерлі әрі есте қаларлық сәттерінің бірі – ұлттық тағамдар дайындау болды. Оқушылар ұлттық киім киіп, арнайы тігілген киіз үйде бас қосып, қазақтың дастарқан мәдениетімен танысты. Балалар үлкендердің көмегімен қамыр жайып, бауырсақ пісіріп, ұлттық тағам әзірлеудің дәстүрлі тәсілдерін үйренді. Бірлесе еңбек етіп, ортақ дастарқан әзірлеу арқылы олар қазақ халқының қонақжайлығы мен ауызбіршілік құндылықтарын тереңірек сезінді, – дейді мектеп директоры Сангүл Балташева.

Шара аясында табиғат аясында атпен серуен ұйымдастырылып, бұл оқушыларға ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ ұлттық ән мен биден құралған өнер сағаты өткізіліп, қатысушылар халқымыздың мәдени мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
– «Қазақ VIBE» лагерінің негізгі мақсаты – балаларды ұлттық құндылықтармен таныстырып қана қоймай, оларды іс жүзінде сезінуге мүмкіндік беру. Киіз үйде ұлттық киім киіп, бауырсақ пісіріп, бірге еңбек ету арқылы оқушылар халқымыздың салт-дәстүрін жақынырақ таныды. Осындай шаралар жас ұрпақтың туған жерге, ұлттық мәдениетке деген құрметін арттырады, – дейді Сангүл Балташева.

Сонымен қатар, іс-шара барысында түрлі топтық тапсырмалар мен танымдық ойындар ұйымдастырылып, оқушылардың өзара қарым-қатынасы нығайды. Әр мектептен келген балалар жаңа достар тауып, бір-бірімен тәжірибе алмасып, жазғы демалысты пайдалы әрі қызықты өткізді.

Шара соңында қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғыс айтты.