Ертіс ауылында құлпынайдың 15 түрі бар заманауи супермаркет ашылды
Алып сауда орнын ашқан – жергілікті кәсіпкер әйел, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Сары» деген атауға ие болған супермаркеттің иесі – Ертіс ауданының бизнес-вумен Құралай Қожанова. Аудан әкімі Нығман Жүсіповтің сөзіне қарағанда, аталмыш кәсіпкер жылына 20-ға жуық жұмыс орнын ашып отыратын әлеуметтік жауапкершілікті серік еткен іскер. Сауда орнының құрылысы мен жабдықталуында Түркия мен Алматыдан әкелінген материалдар мен құрал-жабдықтар пайдаланылды.
- Супермаркетті бүгін ғана аштық. Оның ауданы екі мың шаршы метр. Жазда сауда орнының құрылысымен облыс әкімі танысып кеткен. Супермаркеттегі тауарлар бағалары көңіл көншітерлік, тіпті Павлодардікінен кей жағдайда төмен. Мұнда мыңнан астам тауар бар: менің өзім құлпынайдың 15 түрі мен жаңғақтардың 30-40 түрін өз көзіммен көрдім, - дейді Нығман Жүсіпов.
Кәсіпкер павлодарлық және жергілікті тауар өндірушілерімен тікелей байланыс құрған. Сол себепті де сөрелердегі бағалар ақылға қонымды. Мұнда «Руди», «Абенов» жеке кәсіпкерліктері, «Молочные продукты» ЖШС өнімдері бар. Супермаркет облыстың тұрақтандыру қорымен де жұмыс істейтін болады.
Жыл басынан бері ауданда тоғыз жаңа кәсіпорын ашылды. Олардың қатарында «Бархат», «Карамель» кафелері, көлік жуу, сұлулық салоны, дүкендер бар. Сонымен қатар, «Тамерлан» базары кеңейтіліп, «Молочные продукты» ЖШС сүт өңдеу зауыты жаңғыртылды.
Мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары бойынша жалпы сомасы 859 миллион теңгені құрайтын төрт жоба қолдау тапты. 17 жаңа жобаны іске асыруға гранттық қаржыландыру жалпы сомасы 26,7 миллион теңгені құрады.
Ауданда шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Биылғы жылдың алғашқы 11 айында бөлшек сауда айналымы он миллиард теңгеге таяды. Жұмыс істеп тұрған бизнес саны өткен жылмен салыстырғанда алтыға артып, 1042-ге жетті. Оларда 2447 адам жұмыс істейді.