Павлодар әкімі тұрғындардың өтінішімен тротуарды қайта жөндеуді тапсырды

Павлодар әкімі тұрғындардың өтінішімен тротуарды қайта жөндеуді тапсырды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қала тұрғындары Хасар Хабылбековке көліктердің жаяу жүргіншілер жолына қойылатынын айтып шағымданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһар басшысы Хасар Хабылбеков көшпелі кездесу барысында тұрғындардың жол қауіпсіздігіне қатысты өтініштерін тыңдады. Олар бұрын салынған тротуарға көліктердің тұрақты қойылатынын айтып, мәселені шешуге көмектесуді сұрады.

Тұрғындардың айтуынша, кейбір жүргізушілер жаяу жүргіншілерге арналған белгілерге қарамастан, көліктерін тротуарға қояды. Оның үстіне бұл аумақтан жылу құбыры өтетіндіктен, тұрғындар оның зақымдануынан қауіптенеді.

Кездесу барысында қала әкімі бұл аумаққа бұрын да келгенін еске алды. Сол кезде тұрғындар балалар алаңын салу мәселесін көтерген. Кейін орын тапшылығына байланысты ойын алаңы мектеп аумағында жасалған.

– Бұл көшені келесі жылдың асфальттау жоспарына енгіземіз. Тротуарды талапқа сай жиектастармен қайта жасап, биіктетеміз. Сондай-ақ тротуарларды байланыстыратын жаяу жүргіншілер өткелін ұйымдастырайық, – деді Хасар Хабылбеков.

Әкім полиция қызметкерлеріне де осы аумақта бақылауды күшейтуді тапсырды. Оның айтуынша, жүргізушілердің жаяу жүргіншілер жолына көлік қоюына жол берілмеуі тиіс.

– Учаскелік полиция инспекторы осы жердегі жағдайды бақылауға алсын. Көліктердің тротуарға шығып, жаяу жүргіншілерге кедергі келтіруі дұрыс емес, – деді қала басшысы.

Кездесу соңында тұрғындар биыл өздері тұратын кварталдағы көшелерге асфальт төселгені үшін алғыс білдірді. Олардың айтуынша, жол жабыны жаңартылғаннан кейін көшелердің жағдайы едәуір жақсарған.